2026–2027 оқу жылындағы мектеп формасына қойылатын талаптар

2026–2027 оқу жылындағы мектеп формасына қойылатын талаптар

Құрметті ата-аналар!

Жаңа оқу жылы қарсаңында міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығымен регламенттелетінін хабарлаймыз. 2026–2027 оқу жылында осы бұйрықтың талаптары қолданылады.

Мектеп формасы білім беру ұйымындағы іскерлік ортаны қалыптастыруға, тәртіп пен ұқыптылыққа тәрбиелеуге, сондай-ақ барлық білім алушылар үшін тең жағдай жасауға бағытталған.

Мектеп формасына қойылатын негізгі талаптар

  • Орта білім беру ұйымдарының міндетті мектеп формасы оқытудың зайырлы сипатына сәйкес келеді.
  • Мектеп формасы білім алушылардың жас ерекшеліктеріне қарай:
    • күнделікті;
    • мерекелік;
    • спорттық
    болып бөлінеді.
  • Ұлдарға арналған мектеп формасы:
    • пиджак;
    • жилет;
    • еркін пішілген, тобықты жауып тұратын шалбар;
    • мерекелік және күнделікті жейде;
    • түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте (кардиган);
    • поло жейде немесе тенниска;
    • қыс мезгілінде – трикотаж жилет пен водолазка.
  • Қыздарға арналған мектеп формасы:
    • пиджак;
    • жилет;
    • юбка;
    • еркін пішілген, тобықты жауып тұратын шалбар;
    • классикалық жейде;
    • түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте (кардиган);
    • поло жейде немесе тенниска;
    • қыс мезгілінде – трикотаж жилет, сарафан және водолазка.
  • Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығының 13-тармағына сәйкес мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға жол берілмейді.
  • Ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер мектеп формасын тігетін кәсіпорынды немесе оқушы киімдерін сататын сауда желісін өздері таңдай алады.
  • Ата-аналар (заңды өкілдер) білім алушылардың мектепте белгіленген мектеп формасын сақтауына жауап береді.

Мектеп Жарғысынан үзінді

  • 78-тармақ. Мемлекеттік мекеме зайырлы және діни білім берудің бөлектілік қағидатын сақтайды. Діни тәрбиенің кез келген түріне жол берілмейді.
  • 79-тармақ. Саяси партиялардың, қоғамдық-саяси және діни қозғалыстар мен ұйымдардың ұйымдастырушылық құрылымдарының құрылуына және қызмет етуіне жол берілмейді.
  • 80-тармақ. Оқытудың зайырлы сипатын қамтамасыз ету және білім алушылар арасындағы әлеуметтік, мүліктік және өзге де айырмашылықтардың алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар белгіленеді.
  • 81-тармақ. Мектеп формасы білім алушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып енгізіледі. Форманың түсі, үлгісі және юбка ұзындығы мемлекеттік мекеме тарапынан айқындалып, жалпы мектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі.
  • 82-тармақ. Міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар мемлекеттік мекеменің фойесінде және ресми интернет-ресурсында орналастырылады.
  • 83-тармақ. Мектеп басшысы ата-аналарды (заңды өкілдерді) білім беру қызметтерін көрсету туралы шартты ресімдеу кезінде және жалпы мектептік ата-аналар жиналысында мектеп формасына қойылатын талаптармен таныстырады.
  • 84-тармақ. Шектеу іс-шаралары енгізілген, төтенше жағдай жарияланған немесе әлеуметтік, табиғи, техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен форс-мажорлық мән-жайлар туындаған кезде ата-аналар балаларды мемлекеттік мекемеге баруға қолайлы іскерлік немесе классикалық стильдегі киіммен қамтамасыз етеді. Бұл талаптар шектеулер немесе төтенше жағдайлар тоқтатылғанға дейін қолданылады.
Құрметті ата-аналар!

Жаңа оқу жылы басталғанға дейін мектеп формасын алдын ала дайындап, белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз етулеріңізді сұраймыз. Ынтымақтастықтарыңыз бен мектеп дәстүрлерін қолдағандарыңыз үшін алғыс білдіреміз!